Абай облысының әкімі Берік Уәли Жарма ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі. Ол өңір экономикасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар жайында айтты.
Жарма ауданында биылғы он айда 45,5 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Егіс алқабы 48,4 мың гектарды құрап, 7,1 мың гектардан 6,9 мың тоннадан астам астық жиналды. Ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 16,7 млрд теңге болатын 8 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
Бірлік ауылында «Асыл Түлік KZ» ЖШС 5 млрд теңгеге 600 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын бастады. Қалбатауда «Өр Алтай» шаруа қожалығы 1,5 млрд теңгеге күнбағыс тұқымын кептіру, өңдеу және дайын өнім өндіру зауытын іске қосты. Сондай-ақ «Агрофирма Бесқарағай» ЖШС Қалбатаудағы 5 мың гектар алқапқа 1,3 млрд теңгеге су үнемдеу технологияларын енгізуде.
Облыстық инвестициялық жобалар тізіміне Жарма ауданынан жалпы құны 135,7 млрд теңге болатын 12 жоба енгізілген. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 1389 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Осы және өзге де салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар айтылды.
«Өңірдегі маңызды мәселелерді талқылап, атқарылған жұмысқа есеп беріп, алдағы жоспарлармен бөлісу мақсатында өздеріңізбен кезекті жүздесуге келіп отырмын. Жарма ауданының тыныс-тіршілігімен өте жақсы таныспын. Әрине, қордаланған сұрақтардың барлығын қысқа мерзімде бірден шешу мүмкін емес. Дегенмен, жолдардың жағдайы, ауыз сумен қамту, елді мекендерді жарықтандыру сияқты, яғни халық үшін аса өзекті деген мәселелер ерекше назарда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықпен кері байланысты нығайтып, өңірдің барлық аумағын тең дамыту – басты басымдықтарымыздың бірі», – деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы кездесуден кейін аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындар жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге жер телімдерін бөлу, тамшылатып суару жүйесіне мемлекеттік субсидия алу мәселелерін көтерді. Облыс әкімі тұрғындардың өтініштерін тыңдап, жауапты басқармалар мен аудан әкіміне аталған мәселелерді заң аясында шешуді тапсырды.
Сурет: облыс әкімдігі












































