Flydubai әуе компаниясы Дубай – Алматы – Дубай бағыты бойынша алғашқы жүк рейсін орындады. Бұл бағыттағы рейстер Boeing 737 ұшақтарымен аптасына бір рет жүзеге асырылады. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа бағыт экспорттық-импорттық жүк тасымалын дамытуға, логистикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа бағыттың ашылуы Қазақстанның аграрлық өнімдерін Біріккен Араб Әмірліктері нарығына жеткізу үшін де маңызды. Қазіргі уақытта қазақстандық өндірушілер БАӘ-ге сиыр және қой етін экспорттайды. Сонымен қатар, отандық жеміс өндірушілердің де осы нарыққа шығуға қызығушылығы бар.
Жақында қазақстандық үш компания БАӘ-дегі ірі LuLu сауда желісімен азық-түлік өнімдерін жеткізу туралы келісімдерге қол қойды. Бұл отандық өндірушілердің Таяу Шығыс нарығындағы сауда байланыстарын кеңейтуге жол ашады.
Алматы халықаралық әуежайында жаңа жүк бағытының ашылуына орай әуе кемесін су аркасымен қарсы алу рәсімі өтті.
ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, Алматы халықаралық әуежайы әлемнің негізгі логистикалық орталықтарымен жүк әуе қатынасын дамытып, қаланың Орталық Азиядағы авиациялық-логистикалық хаб ретіндегі әлеуетін арттыруды жалғастыруда.
Сурет: КМ












































