Биыл агроөнеркәсіп кешенді қолдауға 1,2 трлн теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланған. Оның 699 млрд теңгесі игерілген. Өткен жылдың соңында басталған ерте қаржыландыруды ескере отырып, егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға 750 млрд теңгеге дейін қаражат қарастырылған. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтың Солтүстік Қазақстан облысына жасаған іссапарында айтылды, деп хабарлады «Бәйтерек» холдингінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда фермерлерге шамамен 6,8 млн гектар егіс алқабын қамтитын 573 млрд теңге көлемінде несие берілді. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында 1,3 млн гектардан астам жерді өңдеуге 118 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында «Даму» қоры 232 млрд теңге сомасына 1,7 мың кепілдік ұсынып, нәтижесінде фермерлер 273 млрд теңге көлемінде несие алды. Бұл жалпы кредиттеу көлемінің 48%-ы.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға биыл 310 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Қазіргі уақытта жалпы құны 212 млрд теңге болатын 6,3 мың техника бірлігі бойынша келісімшарттар жасалды. Оның 90%-ы отандық өндірістің техникасы.
«Бәйтерек» холдингі саланы қолдаудың жаңа бағыттарын да дамытуда. Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында Аграрлық несие корпорациясы арқылы инвестициялық мақсаттарға 220 млрд теңгеге дейін қаржы бөлу көзделген. Аталған қолдау тетіктеріне асыл тұқымды мал сатып алуға арналған жеңілдетілген «Игілік» және «Береке» бағдарламалары, сондай-ақ жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6% болатын етті мал шаруашылығы жобаларын қаржыландыруға арналған «Жайлау» бағдарламасы кіреді.
Сурет: Agrotrend.kz












































