Елордадағы Индустриялық парк аумағында «Астана ЕТКОМ» серіктестігінің заманауи ет өңдеу комбинаты іске қосылды. Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес Үкімет пен Астана қаласының әкімдігі тарапынан жүзеге асырылуда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр Олжас Бектенов зауыт жұмысымен танысты.
Жалпы құны 8 млрд теңге болатын жоба кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында несиелік қаражат пен инвесторлардың өз қаражаты есебінен қаржыландырлды.
Кәсіпорынның жобалық қуаты тәулігіне 50 тоннаға дейін дайын өнім өндіруге немесе жылына 18 мың тоннадан астам өнім шығаруға мүмкіндік береді. Шикізат отандық өндірушілерден, соның ішінде «Айтас» акционерлік қоғамы, «KazBeef» серіктестігі және өңірлердегі фермерлік шаруашылықтардан сатып алынады. Онда шұжық өнімдері, ет деликатестері, жартылай фабрикаттар және салқындатылған ет өнімдері өндіріледі.
Бірінші кезеңде 100 жаңа жұмыс орны ашылса, кәсіпорын толық іске қосылғанда, 300 адам жұмыс істейтін болады.
Сурет: АШМ













































