Президент тапсырмасы аясында «RnR Group» өндірістік алаңында сүт өңдеу зауытын іске қосуға дайындық жұмысы аяқталуға жақын. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорын елорда нарығы үшін сүт, айран, қаймақ, йогурт және басқа да сүт өнімдерін өндіруге бағытталған. Жоба қайта өңдеу қуатын арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін көбейту жөніндегі кешенді жұмыстың жалғасы саналады.
Өндіріс директорының айтуынша, жобаның жалпы құны 6 млрд теңге. Зауыт биыл қолданысқа берілді, алайда алғашқы өнім тамыз айына шығарылады. Тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдеу және 350 түрлі өнім шығару жоспарланған. Кәсіпорында өндірілетін барлық сүт өнімі Астана және қалаға жақын өңірлерде сатылады.
Сурет: АШМ












































