Ақмола облысының ауыл тұрғындарына 5 мың қаз балапанын таратуға бағытталған «Қаз хабы» жобасы биыл үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда. Бастаманың негізгі мақсаты – ауылдық кооперацияны қолдау, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту және ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Бұл туралы Ауыл партиясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Ауыл» партиясының мәліметінше, қаз балапандарын тарату акциясы 11 маусым күні Степняк қаласында өтеді. Жоба аясында Аршалы, Целиноград, Астрахан, Ақкөл аудандары мен Біржан сал ауданының тұрғындары қамтылады.
Биыл аталған бес ауданнан 80 ауыл тұрғыны тауарлық несие шартымен қаздың жас төлін алады. Мұндай тетік ауыл отбасыларына ірі қаржылық шығынсыз өз шаруашылығын дамытып, қосымша табыс табуға мүмкіндік береді.
Жоба талаптарына сәйкес, қараша айында қатысушылар «Мырза» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне қаздың мамық-қауырсын шикізатын өткізіп, өндірілген өнімнің 10 пайызын қаз еті түрінде қайтарады. Ал өсірілген өнімнің 80-90 пайызы ауыл тұрғындарының өз иелігінде қалып, оны жеке тұтынуға немесе сатуға пайдалана алады.
«Ауыл» партиясы өкілдерінің айтуынша, «Қаз хабы» жобасы ауыл шаруашылығы өндірушілері, қоғамдық ұйымдар, жергілікті атқарушы органдар мен ауыл тұрғындарының өзара тиімді әріптестігінің нақты үлгісі саналады. Бастама ауылдағы жұмыспен қамтуды арттыруға, шағын агробизнесті дамытуға және ауыл экономикасын нығайтуға бағытталған.
Айта кетейік, қаз балапандарын тарату жобасын «Мырза» АШӨК Біржан сал ауданы әкімдігінің, «Ауыл» партиясының және «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жүзеге асырып келеді.
Сурет: ЖИ













































