Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысында жер ресурстарын ұтымды пайдалану және топырақ мониторингі жүйесін жаңғырту мәселелері қаралды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Қазақстан үшін жер – азық-түлік қауіпсіздігіне, ауылдық аймақтардың тұрақты дамуына және агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер ететін стратегиялық ресурс.
“Бүгінде ауыл шаруашылығы айналымында 117,7 млн гектар жер бар. Біздің міндетіміз – осы жерлердің тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етіп, олардың құнарлығын болашақ ұрпақ үшін сақтау. Соңғы жылдары жер сапасын бақылау жүйесін жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Аудиттің жаңа қағидаттары негізінде мамандар 53,5 млн гектар аумақтағы жерлердің тозу карталарын жаңартты. Сонымен қатар, зерттелген аумақтардағы тозған жерлердің нақты үлесі шамамен 5%. 2029 жылға дейін елдегі барлық 182 млн гектар ауыл шаруашылығы алқаптарына мониторинг жүргізуді аяқтау жоспарлануда”, — деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Саланың цифрлық трансформациясына ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру 100% аяқталды. Келесі кезеңде жер ресурстарын басқарудың Бірыңғай цифрлық платформасы құрылады. 2027 жылға қарай пайдаланылмай жатқан жерлерді автоматты түрде анықтауға, тозған учаскелерді белгілеуге, топырақ эрозиясы мен тұздану үдерістерін талдауға, өнімділікті болжауға және тыңайтқыштарға қажеттілікті есептеуге мүмкіндік беретін жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланып отыр.
“Маңызды қадамдардың бірі – «Топырақты қорғау туралы» заңды қабылдау. Бұл заң жерлерді міндетті агрохимиялық тексеруден өткізуді, жер паспорттарын енгізуді және жер саласындағы барлық рәсімдерді одан әрі цифрландыруды көздейді”, — деп атап өтті министр.
Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда. 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 15 млн гектар жер қайтарылды. Оның едәуір бөлігі қазірдің өзінде шаруашылық айналымына қайта енгізіліп, ауылдық аумақтарды дамыту мақсатында пайдалануға берілген.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша министр топырақ эрозиясымен күрес жөніндегі Жол картасын іске асыруды күшейтуді, жайылымдарды басқару жоспарларын жаңартуды және қайтарылған жерлерді тиімді пайдалануды тапсырды.
Сурет: ашық ақпарат көзі












































