Семейдегі Шәкәрім университетінің базасында қой шаруашылығының селекциялық орталығы ашылғанын бұдан бұрын хабарлағанбыз. Абай облысы үшін өте қажет орталықтың дер кезінде қолға алынғанын аймақ басшылары да, саланың ғалымдары да қуаттап отыр. Осы тақырыпты тереңірек қаузау үшін Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Шәкәрім университетіндегі «Ауыл шаруашылығы» кафедрасының меңгеруішісі Балнұр Ахметовамен сұхбаттасқан едік.
— Алдымен өзіңізді толығырақ таныстырып өтсеңіз, ауыл шаруашылығы ғылымы жолындағы еңбектеріңіз жайлы да айтсаңыз.
— Рахмет! Өзім жайлы айтатын болсам, 2010 жылы Алматы қаласының Қазақ ұлттық аграрлық университетінің диссертациялық кеңесінде «Шығыс Қазақстан аймағындағы қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойының жасына байланысты көбею қабілеті» тақырыбында кандидаттық диссертациямды сәтті қорғадым. Жеке өзімнің және бірлескен авторлықта 40-тан астам ғылыми еңбектерім шетелдік және отандық басылымдарда жарияланған. Монография, оқу әдістемелік құрал, селекциялық жетістіктер бойынша патент авторымын.
20 жылға жуық уақытта осы мал шаруашылығы саласында әр түрлі ғылыми жобаларға қатысып, зерттеу жұмыстарымен айналысып келемін.
Атап айтқанда: 2014 жылы ҚР АШМ қаржыландырған «Қазақстанның етті бағыттағы ірі қара малдарының арнайы генетикалық әлеуетін жоғарылатудың заманауи технологияларын жасау және бейімдеу» жобасының аға ғылыми қызметкері;
2015 жылы ШҚО АШБ қаржыландырған «Сібір бекіресін тұйық желі жағдайында өсіру технологиясы, сонымен қатар өсіп-дамуын зерттеу» тақырыбы бойынша жоба жетекшісі;
2024 жылдан «Селекцияның тиімді әдістерін әзірлеу мен ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу негізінде Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтарында өнімділігі жоғары қой популяцияларын құру» ҚР ҒжЖБМ мақсатты бағдарлы қаржыландыру гранты, аға ғылыми қызметкер;
«Селекция, генетика және биотехнологияның жаңа әдістерімен құйрықты қойлардың ет өнімділігін жақсарту» — мақсатты бағдарлы қаржыландыру гранты, аға ғылыми қызметкер;
2006 жылдан бері Абай облысындағы асыл тұқымды қой шаруашылығы мен етті бағыттағы ірі қара мал өсіру бойынша ғылыми жұмыстармен айналысып келемін. Алыс-жақын шет елдерде: Қытай, Түркия, Израиль, Өзбекстан елдерінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, сертификаттарға ие болдым.
— Қой шаруашылығының селекциялық орталығы ашылды. Мұндағы ғылыми технология, жабдықтар жайлы айтсаңыз. Қай елдің технологиясы, тиімділігі қандай?
— Иә, бұл селекциялық орталық Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен мақсатты-қаржыландыру жобасы аясында ашылып отыр. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталуда. Ол қандайда бір шет елдік технологиямен жабдықталған деп айта алмаймын, бірақ шет елдік озық технологиялы жабдықтарды таңдау арқылы өзіміздің зерттеуімізге қажеттісін алып отырмыз. Олардың артықшылықтары бір уақытта бірнеше сараптама және қысқа мерзімде нәтижелерін алуға мүмкіндік бар, ол сөзсіз жұмысты жеңілдетеді. Мысалы, сперма анализатор – біз қойды жасанды ұрықтандыруда пайдаландық, аталық қошқардан алынған шәуетті алған бойда сол шаруашылық базасында сапасына ең маңызды көрсеткіштеріне баға бере аласыз. Оны бұрын зертхана жағдайында микроскоппен қарап зерттейтінбіз, осы сияқты азық, ет және ет өнімі спектрометр құрылғысы, зерттелетін биоматериалға әп сәтте талдау жасап береді және қой малдарын кешенді бағалау дейміз, бонитировка жасауға арналған малды бекіту станогы алынды, оның артықшылығы мал станокқа кірген сәтте оған қатысты мәліметтер мониторында шығып тұрады. Мысалы жеке нөмірі, тірі салмағы автоматты түрде шығады ол малды класқа бөлуге де жеңіл, бұл құрылғылардың айта кететін басты артықшылықтары алынған мәліметтердің барлығы электронды базаға да автоматты түрде тіркеліп отырады.
— Осы қолға алынған жұмыспен айналысатын ғалымдарыңыздың деңгейі қандай, маман тапшылығы жо?
— Осы ғылыми жұмыспен айналысатын ғалымдарымыздың деңгейі өте жақсы және мамандар да жеткілікті, әр түрлі жас деңгейіндегі ғалымдар жұмыс істеп жатыр, PhD дәрежесі бар жас мамандар тартылған, ол ғылыми жобаның талабын толық қанағаттандырады. Бұл жоба ғылыми зерттеу жұмыспен ғана айналысуды қамтып қана қоймай, ғылыми мамандарды дайындауға да үлкен жол ашып отыр. Осы сала бойынша 5 магистрант диссертациялық жұмысын сәтті қорғады, 2 жас маман Қытай халық республикасына докторантураға оқуға түсіп қазіргі таңдағы өте маңызды биоинформатика бағыты бойынша білім алып жатыр. Осы бүгінгі таңдағы өзекті және маман тапшылығы туындап отырған бағыт. Себебі толық геномды секвинирлеу елімізде жоқтың қасы. Осы бойынша да кейін нәтиже көрсетіп жатсақ, ол да бір керемет жетістігіміз болушы еді.
— Осы ғылыми селекциялық жұмысты жүргізуде қай елдің немесе қандай ғалымдардың тәжірибесіне сүйенесіздер?
— Селекциялық жұмыстарды жүргізуде біз отандық ғалымдардың қалыптасқан тәжірибесіне сүйенеміз. Біздің «Шәкәрім университеті» киелі шаңырақ, оны жұртшылық жақсы біледі, оның ішінде бұрынғы Семей зоотехникалық мал дәрігерлік институты, бүгінгі таңда «Ветеринария және ауыл шаруашылығы» зерттеу мектебі болып жоғары білікті мамандар даярлауда.
Осы ғылыми мектептен білім алған біз өз ұстаздарымыздың ғылыми дәстүрін жалғастырушылармыз. Осыдан 30 жыл бұрын Семей өңірінде қазақтың құйрықты ұяң жүнді қой тұқымының «Байыс типі» аппробациядан өтіп, ресми түрде бекітілген болатын. Аталған қой типін шығарған авторлардан тәлім алған менің ұстаздарым – ғылыми жоба жетекшісі, FULL профессор Надежда Бурамбаева және ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Күлсара Нұржанова.
Олардың мол тәжірибесіне сүйене отырып, қазіргі таңда отандық және шетелдік селекция жетістіктері негізінде етті бағыттағы асыл тұқымды қошқарларды пайдалану арқылы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Негізгі жұмыс осы өңірде өсірілетін жергілікті қойларды ұрықтандыру арқылы жақсартылған тұқым алуға негізделген.
— Жоспарларыңызда қандай қой тұқымдарына селекциялық жұмыс жүргізіп көрмекшісіздер және қандай нәтиже күткілеріңіз келеді?
— Жоғарыда айтып өткендей, өңіріміздің климаттық жағдайына жақсы бейімделген жергілікті қой тұқымдары алынған, оларды етті бағыттағы отандық және шет елдік аталық қошқарлармен ұрықтандыру арқылы өнеркәсіптік және алма-кезек будандастыру әдістері арқылы селекциялық жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі нарық сұранысына сай ет сапасы жақсы, еттілік көрсеткіштері жоғары мал алуға негізделген жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біздің өңірдегі қой тұқымдары етті-майлы бағытта, сойыс шығымы бойынша 46-48%, оның көп мөлшерін құйрық басып кетеді, ал біздің жүргізген зерттеуімізде сойыс шығымы 52%-дан жоғары болды. Негізінен селекциялық жұмыс нәтижесі үзақ жылдарды талап етеді, алдағы уақытта осы жұмысымызды жалғастыра отырып, аталық із, тұқым ішілік тип және зауыттық тип шығаруға мүмкіндігіміз бар.
— Қазір сырт елдерде қой етіне деген сұраныс жоғары. Бірақ олардың белгілі бір талаптары бар. Сіздер селекция жасау барысында экспорт пен сұраныс талаптарын ескересіздер ме?
— Мысалы, қазіргі таңда араб елдеріне жас қой етіне сұраныс туындап отыр. Негізінен біздің істеп жатқан жұмыстарымыз да осыған орай, жалпы тірі салмақ бойынша талаптарға сай келеді, бірақ ұша шығымы жағынан сәйкеспеушілік туындайды, оның себебін айтып өткендей, құйрықтан гөрі етке қарай басымдық беру қажеттігі. Біздің елде бір ғана етті бағытта қой тұқымдары өсірілмейді, сондықтан біз тәжірибемізде шетелдік селекцияның таза ет бағытындағы суффольк, дорпер тұқымдарын пайдаланамыз және осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
— Тәжірибе жүргізетін шаруашылық таңдадыңыздар ма?
— Әрине, зерттеу жұмысы жүргізілетін базалық шаруашылықтар алынған. Тәжірибе жүргізу үшін біз алдымен соған сай келетін, мал басы жеткілікті шаруашылықтарды таңдап аламыз. Эксперимент жүргізу үшін тәжірибе және бақылау тобын құрамыз. Зерттеу малдары ұрықтандырылып, алынған төлдерді селекциялық топқа іріктейміз. Өйткені, алынған тұқымның барлығы селекциялық жұмысқа жарамды бола бермейді.
— Бұл селекциялық ғылыми жұмыстың алғашқы нәтижелерін қашан көре аламыз?
— Ғылыми зерттеу жұмысы бастау алып, будандардан бірінші буын алынды, нәтижелері отандық және шет елдік ғылыми басылымдарда жарық көруде. Енді біз тек төртінші буында алғанда ғана нақты нәтиже көрсете аламыз.
— Арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!













































