Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Кешенді жоспар халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға, сондай-ақ жануарларды аурулардан сақтау мен ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
«Жүйелі шаралардың нәтижесінде Қазақстан жануарлардың аса қауіпті ауруларының бірқатары, соның ішінде аусыл, африкалық жылқы обасы, африкалық және классикалық шошқа обасынан таза ретінде халықаралық мәртебеге ие болды. Бұл өз кезегінде отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік берді», — деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Жоспардың негізгі басымдықтары ретінде жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы күрес, ветеринария мамандарының жалақысын көтеру, ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, экспорттық жеткізілімдерді кеңейту және ішкі нарықты қорғау, зертханалық бақылауды күшейту, өнімді қадағалау, ветеринария саласын цифрландыруды кеңейту және ветеринариялық фармацевтика технологияларын дамыту мәселелері айқындалды.
Айта кету керек, қазіргі таңда елімізде ветеринариялық препараттар өндіретін 21 зауыт жұмыс істейді. Қазақстан аумағын жануарлардың аса қауіпті ауруларынан қорғау, еліміздің эпизоотиялық тұрақтылығын сақтау және техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтін өнімдердің ішкі нарыққа енуіне жол бермеу үшін шекара маңындағы аумақтарда ветеринариялық 67 бақылау бекеті қызмет етеді.
Сурет: ашық ақпарат көзі













































