Абай облысының әкімі Берік Уәли Көкпекті ауданының Тассай ауылындағы «Ағайынды» шаруа қожалығы жанынан ашылған балық өңдеу цехында болды, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі.
Кәсіпорын 2023 жылы пайдалануға берілген. Цехта балық филесі, фарш және балық ұны өндіріледі. Өндіріс орнының жылдық қуаты – 540 тонна. Күн сайын 1,5 тонна өнім өндіріледі. Қазіргі таңда мұнда 20-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Цех өнімдері Еуропа нарығына да шығарылады.

Тассай ауылы Зайсан көліне жақын орналасқан, балық шаруашылығы жақсы дамыған елді мекендердің бірі. Бұрын жергілікті тұрғындар көлден ауланған балықты негізінен өңдеусіз өткізсе, бүгінде дайын өнім шығарып, табысын арттыруға мүмкіндік алып отыр.
Цех директоры Жанат Ибрагимов облыс әкіміне балық өндірісін кеңейту үшін жер телімі қажет екенін айтып, көмек сұрады.
«Тассай ауылының тұрғындары үшін бұл кәсіпорынның маңызы зор. Шикізатты өңдеп, дайын өнім шығарудың тиімділігі жоғары. Осындай бастамалар ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Облыс әкімдігі тарапынан тиісті көмек көрсететін боламыз», – деді облыс әкімі.
Сурет: облыс әкімдігі












































