Жамбыл облысында 71 суару каналына жөндеу жұмыстары жүргізілетіндіктен суды көп қажет ететін көкөніс және бақша дақылдарының егіс көлемі қысқартылады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ал жалпы биыл егіс алқаптарының көлемі 25,5 мың гектарға артып, 665,4 мың гектарға жекізілетін көрінеді.
“Биыл өңірде қайта өңдеу кәсіпорындарын қажетті шикізатпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты дәндік жүгері алқабы 11,8 мың гектарға ұлғайып, 30 мың гектарға жетеді. Нәтижесінде өнім көлемі 109 мың тоннадан 210 мың тоннаға дейін өседі деп күтілуде”, — деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірасыл Желеубаев.
Сонымен қатар қант қызылшасының егіс көлемі 1,9 мың гектарға артып, 8,5 мың гектар болады. Жоспар бойынша 450 мың тонна өнім жиналады.
Дала жұмыстарына шамамен 10,7 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады.
«Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында 7 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда 195 шаруашылыққа оның 5,8 млрд теңгесі берілген.
Сурет: облыс әкімдігі













































