Қарағанды облысында әлемге танымал америкалық Valley брендінің заманауи жаңбырлатып суару машиналарын өндіру жоспарлануда, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. Бұл келісімге «Имсталькон» зауыты мен Valley компаниясының өкілдері қол қойды. Жоба отандық фермерлерді озық ауыл шаруашылығы техникасымен, қосалқы бөлшектермен және жедел сервистік қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өндіріс «Евразия Инвест LTD» компаниясы іске асырып отырған суармалы егіншілікті дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Биыл инвестор суармалы жер көлемін 10 мың гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қазір алқаптарда Valley суару жүйелері орнатылуда. Бұл ретте негізгі материалдар қарағандылық өндірушілерден сатып алынып, орнату жұмыстарын жергілікті мердігерлер жүргізуде.
Сонымен қатар Valley компаниясының суаруды басқаруға арналған цифрлық платформасы енгізілуде. Жасанды интеллект, спутниктік мониторинг және егістік алқаптарындағы сенсорлар негізінде жұмыс істейтін жүйе нақты уақыт режимінде топырақ пен өсімдіктердің жай-күйін талдап, дақылдардың ылғалға деген нақты қажеттілігін есептейді.
Сурет: АШМ















































