«Jańa Dala / Green Day – 2026» халықаралық көрмесі аясында қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малының республикалық байқауы өтті. Тартысты додада еліміздің әр өңірінен келген үздік асыл тұқымды бұқалар бақ сынап, халықаралық сарапшылар олардың генетикалық әлеуеті мен тұқымдық сапасын жоғары бағалады. Бұл туралы Ақ бас палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
Екі жас санатының жеңімпаздары арасындағы қорытынды бағалау нәтижесінде Ақмола облысындағы «Новобратское и К» ЖШС-нің «Бағровый» атты асыл тұқымды бұқасы қазақтың ақбас тұқымы бойынша абсолютті чемпион атанды. Бас жүлдені жеңіп алған бұқа иесіне Chery Tiggo Pro 2 автокөлігі табысталды. Бұл жеңіс – жоғары генетикалық әлеуеттің, жүйелі селекциялық жұмыстың нәтижесі және қажырлы еңбектің жарқын жемісі.
«Көрме аясында өткен асыл тұқымды мал аукционы да жоғары қызығушылық тудырды. Абай облысы, Аягөз ауданындағы «Бектас» шаруа қожалығының Жаңбыр атты асыл тұқымды бұқасы 7,1 млн теңгеге сатылды», — делінген палата таратқан ақпаратта.
Бұл нәтиже қазақтың ақбас тұқымына деген жоғары сұраныстың және отандық селекциялық жұмыстың тиімділігінің тағы бір дәлелі болды.
Сурет: Ақ бас палата












































