Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңесте ветеринариялық қауіпсіздік, инфрақұрылымды дамыту және саланы цифрландыру мәселелері қаралды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
«Мемлекет ветеринариялық-санитариялық қызметті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарымен қатар 2026–2030 жылдарға арналған Ветеринарияны дамыту жоспары бекітілді. Оны іске асыруға 66,2 млрд теңге қарастырылған. Алайда жергілікті жерлерде жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмей отыр», – деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, соңғы екі жылда өңірлерде жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жалпы құны 10,6 млрд теңге болатын 626 ветеринариялық инфрақұрылым нысаны салынды және сатып алынды.
2026–2027 жылдары республикалық бюджет қаражаты есебінен ветеринариялық инфрақұрылымның тағы 2 399 нысанын салу жоспарлануда. 2026 жылы осы мақсаттарға 36,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат 1 298 нысанның құрылысына беріледі.
Сонымен қатар бірқатар өңір белгіленген жұмыс кестесін сақтамай отыр. Әсіресе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Алматы және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында ветеринариялық пункттер құрылысының қарқыны төмендігі байқалады.
Мал қорымдарын салу бойынша Қостанай, Ақмола, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарында белгіленген жұмыс кестесінен сай еместігі байқалады.
Министр әкімдіктерге ветеринариялық пункттер, мал қорымдары және аудандық ветеринариялық станциялардың құрылысын жеделдетуді тапсырды. Бұл ретте жер учаскелерін уақтылы бөлуді және инженерлік коммуникацияларды тартуды қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет.
Кеңесте ауыл шаруашылығы жануарларының иелерін «Tort Tulik» мобильді қосымшасында тіркеу мәселесіне де көңіл бөлінді.
Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында оң динамикаға қарамастан, ауыл шаруашылығы жануарлары иелерін тіркеу жеткілікті деңгейде емес.
Сурет: АШМ












































