Түркістан облысының Сайрам ауданында австралиялық технология бойынша мал биржасына арналған нысанның құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 5,2 млрд теңге, оның 4,7 млрд теңгесі жеңілдетілген несие және 500 млн теңгесі инвестордың өз қаражаты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жобаны Ақсу ауылында RED GOLD компаниясы жүзеге асыруда. Ол үшін ауданы 24 гектар жер учаскесі бөлінді.
Мал биржасының құрылысын 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Кәсіпорын толық пайдалануға берілгеннен кейін ол бір уақытта 5 мың бас ірі қара, 4 мың бас жылқы және 10 мың бас ұсақ малды қабылдай алады.
Жоба халықаралық талаптарға сәйкес өңірде мал саудасын ұйымдастыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарын кеңейтуге және экспорттық әлеуетті арттыруға үлкен әсер етеді.
Сурет: облыс әкімдігі












































