Солтүстік Қазақстан облысы 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында шетелдік асыл тұқымды мал басын іріктеуге кірісті, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Өңір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өндіріс көлемін ұлғайтуға, малдың генетикалық әлеуетін жаңартуға және саланың өнімділігін арттыруға бағытталған нақты жобаларды қолға ала бастады.

Осы ретте облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, Мал өсірушілер одағының басшысы Дәурен Салықов және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден құралған делегация мүшелері Австралияның мал шаруашылығы кәсіпорындарын аралады.

Делегация мүшелері мал басын қарап, алдын ала іріктеу жүргізді. Малдың асыл тұқымдылығын және өнімділік қасиеттерін, тұқымдық ерекшеліктерін, жасын, тірідей салмағын, денсаулық жағдайын, сыртқы бітімін, сондай-ақ өнімділігі мен өсімталдық қасиеттерін айқындайтын басқа да көрсеткіштері назарға алынды.
Сонымен қатар мал басының құны, ветеринариялық талаптар, карантиндік рәсімдер, логистика және жеткізу мерзімдері бойынша мәселелер пысықталды. Мұндай тәсіл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге малды қолжетімділігіне қарай ғана емес, оның сапасын, генетикалық әлеуетін және жобаның экономикалық тиімділігін ескере отырып таңдауға мүмкіндік береді.
2026 жылғы қыркүйек–қазан айларында өңірге 2 мыңнан астам ірі қара және 4 мыңнан астам ұсақ мал басын әкелу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, осындай мақсатпен қыркүйек айында Қостанай облысының делегациясы Ирландияға сапарламақ.
Сурет: АШМ












































