Солтүстік өңір еліміздегі сүтті мал шаруашылығының негізгі орталықтарының бірі ретінде өз орнын нығайтып келеді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қзыметі.
СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында соңғы үш жылда тауарлы сүт фермаларына жоғары өнімді асыл тұқымды 9 мың бас ірі қара жеткізілген. Бұл сүт өндірісінің көлемін 16%-ға арттыруға мүмкіндік берді.
Сүт кластерін дамытудың келесі кезеңінде Даниядан элиталық мал партиясы әкелінді.
Атап айтқанда, «НурСен Агро» серіктестігіне әлемдік сүтті мал шаруашылығындағы ең құнды әрі тиімді тұқымдардың бірі саналатын 231 бас джерси сиыры жеткізілді.
Джерси тұқымы өзінің ерекше қасиеттерімен кеңінен танымал. Мәселен, сүтінің майлылығы мен ақуызы жоғары, түрлі климаттық жағдайларға төзімді. Осы қасиеттерінің арқасында алынған шикізат жоғары қосылған құны бар өнімдерді, соның ішінде премиум санаттағы ірімшіктерді өндіруге пайдаланылады.
Бүгінде өңірде 118 агроқұрылым жұмыс істейді, олардың 50-і заманауи цифрлық фермалар. Бұл шаруашылықтардағы жалпы сиыр саны 58,3 мыңнан асады. Өндірістік үдерістер барынша автоматтандырылған.
«Карусель», «Ёлочка» және «Параллель» типіндегі жоғары технологиялық сауу залдары қолданылады, сондай-ақ Dairy Plan, Heatem Pro секілді табынды басқару бағдарламалары енгізілген. Бұл жоғары өнімділік пен өнім сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Сурет: АШМ















































