Биыл жыл соңына дейін Қазақстанда жылына шамамен 100 мың тонна сүт өндіретін тағы 19 тауарлы сүт фермасын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, сүт саласының шикізаттық базасын нығайту мақсатында тауарлы сүт фермаларын салуға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске асырылуда.
«Жалпы жылдық өндірістік қуаты 500 мың тоннадан асатын 95 тауарлы сүт фермасын қаржыландыру жөніндегі өтінім мақұлданды. 71 ферма пайдалануға берілді. Биыл жыл соңына дейін жылдық қуаты шамамен 100 мың тонна болатын тағы 19 ферманы іске қосу жоспарланып отыр», — деді Азат Сұлтанов.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстан негізгі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі бойынша ішкі қажеттілікті 80 пайыздан астам деңгейде қамтамасыз етіп отыр.
Сурет: Agrotrend.kz












































