Ақмола бидайы жоғары сапасының арқасында әлемдік нарықтағы позициясын нығайтып келеді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақмола облысында егін жинау науқаны қарқынды жалғасуда. Биыл өңірде 5,6 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Алғашқы кезеңде 85,6 мың тонна астық жиналып, мал азығын дайындау жұмыстары да аяқталуға жақын.
“Биылғы өнімнің басты ерекшелігі – сапасының жоғарылығы. Жаңадан жиналған астықтың шамамен 40%-ы халықаралық Hi-Pro премиум стандартына сәйкес келеді. Ақмола бидайы жоғары сұрыпты ұн мен макарон өнімдерін өндіруге қолайлы болғандықтан, шетелдік нарықта жоғары сұранысқа ие”, — делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Егін орағы мемлекеттік қолдаудың арқасында тиімді жүргізіліп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 265 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, алқаптарға 14,5 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған. Өңірдің астық сақтау қуаты 7,3 млн тонна.
Сурет: облыс әкімдігі












































