Жамбыл облысында Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында бірқатар ірі агроөнеркәсіптік жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында TRZ-AGRO компаниясының жобалары бар. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Компания құны 3,1 млрд теңге болатын, жылына 7 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы ет комбинатын салып жатыр. Жобаның 2 млрд теңгесі мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландырылған. Кәсіпорынды іске қосу 2026 жылдың IV тоқсанына жоспарланған.
Сонымен қатар, қуаты жылына 12 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасы салынуда. Жобаның құны – 1,3 млрд теңге, оның 995 млн теңгесі Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы арқылы қаржыландырылған. Нысанды биыл аяқтау көзделіп отыр.
Компания сондай-ақ құны 1,5 млрд теңге болатын, жылына 1 536 тонна өнім өндіретін жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Жобаны іске асыру мерзімі – 2026–2027 жылдар.
Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында аталған кәсіпорынға Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров барып, агробизнес өкілдерімен кездесті. Кездесуде мал шаруашылығын дамыту, қаржыландырудың қолжетімділігі және мемлекеттік қолдау шараларын кеңейту мәселелері талқыланды.
Сурет: АШМ












































