Қостанайдағы AGROMASH зауыты ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін әлемнің жетекші компанияларымен ынтымақтастығын кеңейтіп келеді. Қазақстанда ауыл шаруашылығы машиналары мен олардың құрамдас бөлшектерін өндіруге жеті халықаралық компания – Väderstad, Dewulf, Lindsay Corporation, Amity Technology, Vervaet, Kuhn Group және Brandt Agricultural Products тартылды. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша AGROMASH зауытында 2 мыңнан астам техника және ауыл шаруашылығы машиналарына арналған 300 мыңнан астам құрамдас бөлшек өндірілді. Құрамдас бөлшектер өндірісінің көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда бес есеге өсті.
Өндірісті дамыту мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер отандық өндірістегі техниканы жылдық 5% мөлшерлемемен, бастапқы жарнасыз және 10 жылға дейінгі мерзімге жеңілдетілген лизинг бағдарламалары арқылы сатып ала алады. Сонымен қатар техниканың құнын 30%-ға дейін субсидиялау мүмкіндігі қарастырылған.
Биыл жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске асыруға 350 млрд теңге бөлінді. Бұл шаралардың іске асырылуы ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңартылуына оң серпін беріп отыр.
Мәселен, бағдарлама іске асырыла бастағаннан бергі екі жылда фермерлерге ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы өткізу көлемі 35%-ға өсті. Былтыр фермерлер 4 249 трактор сатып алды. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 50%-ға жоғары. 2023 жылы 2 846 трактор сатып алынған болатын. Комбайндар саны 807 бірлікке жетті.
Биыл да қарқыны жоғары. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының мәліметінше, 1 тамыздағы жағдай бойынша 286,5 млрд теңгеге 8 920 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы лизингке берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 23%-ға жоғары.
Ауыл шаруашылығы министрлігі заманауи техникалардың қолжетімділігін арттыру және отандық машина жасау саласын дамыту жұмыстарын жалғастыруда.
Сурет: Agrotrend.kz












































