Абай облысының бірқатар аудандарында көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. Қажетті тұқым қоры, техника мен жанар-жағармай ресурстары дайын. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев баяндады, деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметі.
«Абай облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 789,3 мың гектарға егіледі. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары – 300 мың гектарға жуық, майлы дақылдар – 340 мың гектар, жем-шөп дақылдары – 138 мың гектар, картоп – 6,6 мың гектар, ал көкөніс және бақша дақылдары – 5,2 мың гектарға егіледі», — деді басқарма басшысы.
Мемлекет басшысының егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде майлы дақылдар көлемін сақтауға және тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Сонымен қатар жүгері егіс алқаптарын ұлғайту жоспарланған. Өткен жылы бұл дақыл 8 мың гектарға егілсе, биыл оның көлемі 10 мың гектарға дейін жеткізілмек.
«Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін облыс бойынша 12 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Оның ішінде жоғары өнімді егіс кешендері, сепкіштер мен топырақ өңдеу құралдары бар. Бүгінде техникалар толық дайын. Сонымен қатар егін егетін фермерлерді қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы аясында облысқа 14 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қаржылай қолдау көрсетіліп жатыр. Қажеттілік болған жағдайда қосымша қаражат қарастырылады,- деді Ертай Қуанбаев.
Қазіргі уақытта облыстың бірқатар аудандарында көктемгі дала жұмыстары басталып кетті. Мамандар егіс науқанын агротехникалық талаптарға сәйкес ұйымдастырып, барлық жұмысты 1 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Сурет: Agrotrend.kz














































