Қостанай облысының мал шаруашылығы өкілдері жеңілдетілген несие арқылы сатып алынатын асыл тұқымды ірі қараның белгіленген шекті құнын қайта қарауды ұсынды.
Фермерлердің айтуынша, қолданыстағы бағдарламалардағы мал бағасы нарықтағы нақты құннан төмен. Бұл мәселе Арқалық қаласында өткен Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен кездесуде көтерілгенін хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жауап ретінде Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне қолданыстағы құжаттарға қажетті өзгерістерді пысықтауды және асыл тұқымды малдың құнын айқындайтын арнайы анықтамалық әзірлеуді тапсырды.
Кездесуде фермерлер «Жайлау» бағдарламасының талаптарына қатысты мәселелерді де көтерді. Атап айтқанда, жайылымдарды міндетті түрде суландыру және мал шаруашылығы базаларын салу талаптарын қайта қарау ұсынылды.
Қостанай облысының оңтүстік аудандарындағы көптеген шаруашылықтар өзен-көлдердің жайылмасында орналасқан және табиғи су көздерін пайдаланады. Сонымен қатар бірқатар фермерлерде қажетті мал шаруашылығы инфрақұрылымы қазірдің өзінде бар. Осыған байланысты қолданыстағы нысандарды бағдарлама талаптарын орындау ретінде есепке алу ұсынылды.
Сурет: Agrotrend.kz












































