Түркістан облысының Мақтаарал ауданында мақта терімі басталып, шаруалар алқаптағы еңбектің нәтижесін жинауға кірісті. Биыл аудан бойынша 35,5 мың гектардан астам жерге мақта егілген. Қазірдің өзінде алғашқы өнімдер қабылданып, жиын-терім жұмыстары күн сайын қарқын алып келеді. Бұл туралы аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мақтааралдық диқандар үшін жылдың ең жауапты кезеңдерінің бірі басталды. Көктемнен бері күтілген «ақ алтын» алқаптан жиналып, алғашқы өнімдер қабылдау орындарына жеткізіліп жатыр.
Мақтаның бітік шығуы үшін жаз бойы қажетті агротехникалық жұмыстар атқарылды. Оның ішінде мақта алқаптарындағы жазғы вегетациялық суару жұмыстары толық аяқталды. Енді шаруалардың басты міндеті – пісіп-жетілген өнімді уақытылы әрі ысырапсыз жинап алу.
«Мақта көсектерінің тез ашылуы үшін дефолиация жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Бүгінде бұл жұмыс 29 мың гектардан аса алқапта жүргізілді. Бұл жұмыстар алдағы бір апта ішінде толық аяқталады деп күтілуде. Ал мақта терімі басталғалы бері 174,5 гектар алқаптан 478 тонна өнім жиналды. Қазіргі таңда мақтаның орташа өнімділігі гектарына 27,4 центнерді құрап отыр. Мақта терімді ерте бастағандардың бірі – «Бірлік 2» шаруа қожалығы. Мақта алқабынан гектарына 40 центнерден өнім жиналуда», — делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Қазір аудан шаруаларының қарамағында 237 мақта теретін комбайн бар екен. Оның ішінде күнделікті жұмысқа 24 комбайн жұмылдырылған. Дефолиация жұмыстары аяқталған сайын терімге тартылатын техника саны да көбейіп, алқаптағы жұмыс қарқыны арта түспек.
Сурет: облыс әкімдігі













































