Абай облысы әкімдігінде «Агроөнеркәсіп кешеніндегі өңірлік өсу нүктелерін дамыту картасы және олардың жаһандық қосылған құн тізбегіндегі орны» атты тұжырымдама негізінде «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің еншілес ұйымы Аграрлық несие корпорациясының бастамасымен өңірдің ауыл шаруашылығы саласына терең талдау жұмыстарын жүргізуге арналған жиын болды. Бұл бастамаға Абай облысы бірінші болып таңдалды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Стратегиялық және корпоративтік даму департаментінің директоры Әлихан Ержанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері, қаржы институттарының басшылары, агробизнес субъектілері мен фермерлер қатысты.
Тұжырымдама аясында қолға алынатын жұмысты пилоттық негізде Абай облысынан бастау кездейсоқ таңдау емес екені атап өтілді. Әлихан Ержанов өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктері, ауыл шаруашылығының даму әлеуеті және дайын өнім өндіруге қолайлы мүмкіндіктері жоғары екенін айтып, облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы артықшылықтарына тоқталды.

Өңірлік өсу нүктелерін айқындаудың негізгі өлшемдері де таныстырылды. Атап айтқанда, шикізат ресурстарының жеткілікті болуы, кадрлық әлеует, өндірістік құзыреттер, инфрақұрылым мен заманауи технологиялардың қолданылуы, экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндіктері, логистикалық қолжетімділік, сондай-ақ орта және ірі өңдеуші сауда-өндірістік кәсіпорындардың шоғырлануы негізгі факторлар ретінде айқындалған.
Қатысушылар өңірде ет, сүт, дәнді және майлы дақылдарды терең өңдеу бағыттарын дамыту, инвестиция тарту, өңдеу өндірістерін кеңейту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жаһандық қосылған құн тізбегіндегі үлесін арттыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Жиын қорытындысында Абай облысының агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеру үшін талдау жүргізуді қолға алу мәселесі келісілді. Осының негізінде қандай жүйелер таңдалатыны белгілі болмақ.
Сурет: Agrotrend.kz












































