Қазақстан Үкіметі отандық агроөнеркәсіп өндірісінің көлемін арттыруды және өткізу нарығын кеңейту жұмыстарын жалғастыруда. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ет шаруашылығы басым бағыттардың бірі болуы тиіс екенін айтты.
«Ішкі нарықты отандық агроөнеркәсіп өнімдерімен толықтыруды жалғастырып, өткізу арналарын кеңейту, сондай-ақ өнімді сыртқы нарықтарға шығаруды белсенді атқару қажет. Мал шаруашылығын, әсіресе мультипликативтік әсері жоғары етті мал шаруашылығын дамыту басым бағыттардың бірі болуы тиіс. Осы әлеуетті барынша тиімді пайдаланып, ет өнімдерін экспорттаушы жетекші елдердің бірі ретінде Қазақстанның сыртқы нарықтардағы рөлін нығайта түсу керек», — деді О.Бектенов.
Ұлттық экономика министрлігіне мал шаруашылығы және инвестициялық жобаларды несиелендіру мақсатында «Бәйтерек» холдингінің жарғылық капиталын ұлғайтуға қатысты қаржы-экономикалық негіздемені барынша қысқа мерзімде қарап, тиісті қорытынды ұсыну тапсырылды.
Сурет: ашық ақпарат көзінен













































