Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және өңірлерге инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары аясында Жамбыл облысында тағы бір ірі инвестициялық жоба қолға алынды.
Жамбыл облысының Меркі ауданында «ЭкоФерма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығы кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Инвестициялық жобаның жалпы құны 1 миллиард теңге. Бұл кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылмақ. Жалпы аумағы 4 гектарды құрайтын кешеннің алғашқы кезеңінде 20 мың бас тауық өсіріледі. Алдағы уақытта оның қуаты 100 мың басқа дейін ұлғайтылып, жылына 30 миллион жұмыртқа өндіру жоспарланып отыр.
Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін 25 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жамбыл облысында соңғы үш жыл ішінде экономикаға 764,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, өңір республикадағы инвестициялық өсімі жоғары аймақтардың біріне айналды. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында жалпы құны 143 миллиард теңгені құрайтын төрт жоба іске қосылып, 920 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жыл соңына дейін тағы 47 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарлануда. Алдағы жылдары жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын 116 жобадан тұратын ауқымды инвестициялық пул кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Сурет: облыс әкімдігі













































