Дәнді және майлы дақылдардың егістіктерін жинау кезеңінде топырақтың артық ылғалы қаупінен сақтандыруға өтінімдерді қабылдау 15 шілдеге дейін ұзартылды. Бұл туралы Аграрлық несие корпорациясы хабарлады. Сақтандыру мерзімі 2026 жылдың 15 тамызынан 14 қазанына дейін созылады және егін жинау кезеңінде топырақтың артық ылғалдылымен байланысты тәуекелдерді қамтиды.
Сақтандыру шартын жасасуға өтінімді Kezekte.kz платформасы арқылы беруге болады.
Егінді Абай және Ұлытау, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының фермерлері сақтандыра алады.
Өтінім беру мен шарт жасасудан бастап сақтандыру төлемін алуға дейінгі барлық рәсімдер Kezekte.kz платформасында орналастырылған Qalqan агросақтандыру ақпараттық жүйесі арқылы толығымен электрондық форматта жүзеге асырылады. Шартты ресімдеу үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.
Фермерлер үшін сақтандыру полисінің құны мемлекеттік қолдаудың арқасында 80%-ға төмендеді. Аграрлық несие корпорациясы атап өткендей, мемлекет сақтандыру сыйақысының көп бөлігін субсидиялайды, сондықтан ауыл шаруашылығы өндірушілері егінді сақтандыру жалпы құнының 20%-ын ғана төлейді.
Сурет: ашық ақпарат көзінен













































