Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі «AzNur Agro»-ның заманауи сүт-тауарлы фермасы пайдалануға берілді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. Жобаның жүзеге асырылуы өңірдегі сүтті мал шаруашылығын дамыту және елдің азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін арттыру бағытындағы маңызды қадам.
Инвестициялық жобаның жалпы құны 1,8 млрд теңге. Жаңа кешеннің өндірістік қуаты жылына 3,6 мың тонна сүтке межеленген. Өнімнің негізгі бөлігі жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындарын сапалы шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталады.
Ферма өндірістік процестерді басқарудың заманауи цифрлық технологияларымен жабдықталуда. Жақын уақытта кәсіпорында бір мезетте 16 сиырды саууға арналған Германияның «карусель» типті жоғары технологиялы қондырғысын іске қосу жоспарлануда. Қондырғылар жеткізілген және іске қосуға дайындық үстінде.
Фермаға Ресейден голштин тұқымды 338 асыл тұқымды сиыр әкелінді. Өндірісті одан әрі кеңейту аясында осы жылдың күзінде қосымша 70 бас асыл тұқымды мал импорттау жоспарланып отыр.
Жобаның іске асырылуы өңірде шикі сүт өндірісін ұлғайтуға, импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға және қайта өңдеу кәсіпорындарын отандық шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Кәсіпорында 20 тұрақты және 10 уақытша жұмыс орны ашылған.
Сурет: АШМ












































