Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Токио губернаторы Коикэ Юриконың кездесуінде отандық өндірушілердің жапон нарығына өнім экспортын ұлғайтуға ынталы екені айтылды. Соның ішінде «Жабяк В и К» серіктестігі мен жапондық Senko Farm компаниясы арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум бар. Оның аясында Жапонияға ай сайын 100 бас жылқыны тірідей және ет өнімдері түрінде экспорттау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта тірі жылқылар мен өзге де ет өнімдерін экспорттауға қойылатын талаптарды келісу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы министрлікті баспасөз қызметі хабарлады.
«Біздің еліміздің экспорттық әлеуеті зор және экологиялық таза әрі жоғары сапалы өнім жеткізу көлемін арттыруға дайын. Жапонияға экспортталатын өнім түрлерін кеңейтуге деген қызығыушылығымыз зор. Оның ішінде бал, сүт өнімдері, құс еті, сиыр еті, қой еті және терең өңделген өнімдер бар. Аграрлық саладағы ықпалдастықты нығайту елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі маңызды фактор болатынына сенімдімін», — деді Айдарбек Сапаров.
Министр жапон нарығына Ресейдің теңіз порттары арқылы логистикалық бағыттарды пайдалана отырып, қазақстандық жоғары сапалы астық пен ұн жеткізудің мүмкіндігі жоғары екенін де атап өтті.
Өз кезегінде Коикэ Юрико Жапония тарапының Қазақстанмен аграрлық саладағы әріптестікті нығайтуға, өзара сауданы кеңейтуге және технологиялық ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
Сурет: АШМ












































