Зиянкес шегірткелерге қарсы күрес маусымына дайындық аясында ұшу аппараттары паркін әзірлеу жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Биыл ауыл шаруашылығы алқаптарын нүктелік әдіспен химиялық өңдеу үшін 46 агродронды пайдалану жоспарланған.
Үйірлі шегіртке түрлері дала, шөл және таулы аймақтарда, сондай-ақ өзен аңғарларында таралады. Мұндайда жермен жүретін техниканы қолдану қиындық тудырады. Сондықтан ұшу аппараттары зиянкестердің ошақтарын жедел анықтауға мүмкіндік береді, мониторинг жүргізу үдерісін едәуір жеделдетеді және зерттелетін аумақтардың қамту аясын кеңейтеді.
Маусымға дайындық барысында мамандар жабдықтардың техникалық жай-күйіне кешенді тексеру жүргізді. Ұшу қауіпсіздігіне, бүрку жүйелерінің тиімділігіне және басқару жүйелерінің тұрақтылығына ерекше назар аударылды.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы алқаптарына мониторинг жүргізетін «Фитосанитариялық қауіпсіздік және болжамдар әдістемелік орталығы» РМК-ның техникалық паркі кеңейді. Мәселен, былтыр орталық 2024 жылдың соңында сатып алынған 7 дронды пайдаланса, 2025 жылдың желтоқсанында қосымша 50 құрылғы сатып алынды.
Сурет: АШМ














































