Биыл жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы тиімсіз субсидиялаудан агроөнеркәсіптік кешенді жеңілдетілген несиелеу жүйесіне көшу қажеттігін атап өткен болатын.
Президенттің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қаржы институттарын субсидиялау тетігі әзірленді. Жаңа схемаға сәйкес, банктер мен өзге де қаржы ұйымдары қаражат тарту кезеңінде сыйақы мөлшерлемесін төмендетеді. Нәтижесінде, агроөнеркәсіптік кешен субъектілері – түпкілікті қарыз алушылар жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын несие ала алады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2026 жылдан бастап республикалық бюджеттен тиісті қаржыландыру қамтамасыз етілген жағдайда жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына екінші деңгейлі банктер де қосылады«, делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Нарықтық және жеңілдетілген мөлшерлемелердің айырмасын Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржы институттарына тікелей өтейді. Мұндай тәсіл бюрократияны болдырмауға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ретте мыңдаған фермерлер мен ондаған облыстық басқармалардың субсидиялау рәсіміне қатысу қажеттілігі болмайды.
Сурет: Agrotrend.kz