Түркістан облысының Бәйдібек ауданына қарасты Жиенқұм ауылында «Байсары» асыл тұқымды қой көрмесі өтті. Іс-шараны «Нұрболат» шаруа қожалығының басшысы, «Байсары» қой тұқымының авторы әрі өсірушісі Кенжеәлі Мұғалбаевтың бастамасымен ауыл жастары ұйымдастырды.
Көрмеде облыстың шаруалары асыл тұқымды қойларын көпшілік назарына ұсынды. Әділ қазылардың бағалауымен үздіктері марапатталды. Асыл тұқымды қошқарлар бітіміне, салмағына және бойына қарай бағаланды. Бірінен бірі өтетін еңсесі биік, тұрқы ұзын, тегене құйрық қошқарлардың арасынан үздігін анықтау әділ қазылар алқасына оңай болған жоқ. Көпшіліктің көңілінен шыққан қошқар иелері үш номинация бойынша арнайы кубоктарға, медальдар мен дипломдарға ие болды.
Осы орайда айта кету керек, қой көрмесінің ашылу салтанаты кезінде Қазақстанның алтын кітабы мен медалін аудан әкімінің орынбасары Нұрпейіс Ақбаев «Байсары» қой тұқымының авторы әрі өсірушісі Кенжеәлі Мұғалбаевқа табыстады. Қой шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан К.Мұғалбаев саланың үздіктерінен оза шауып, осы кітапқа енген болатын.
Бұл көрме Түркістан облысындағы асыл тұқымды қой санын көбейтуге, саннан сапаға өтуге ықпал ететін іс-шара болды. Өңірдің қой өсірушілері пікірлесіп, тәжірибе алмасты. Қойын асылдандыруға ниет еткендерге шабыт сыйлады.
«Бүгін көрмеміз жоғары деңгейде өтті. Көрменің негізгі мақсаты – «Байсары» қой тұқымын насихаттау. Бұл «Байсары» қой тұқымы Қазақстан Республикасында 2023 жылы патентін алып, тіркелген жаңа қой тұқымы. Көрмедегі ең абсолютті салмақ 200 келі болды. Ал 1,5 жасар қошқарлар арасындағы ең ауыр салмақ 174 келі тартты. Биылғы көрме қошқарлардың салмағы мен тазалығы жөнінен бұрынғыға қараған 20 пайызға жоғарылағанын көрсетіп отыр. Қазіргі уақытта бұл жаңа тұқымның ең ауыр салмағы 230 келі, алдағы уақытта 250-260 келіге дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Бірінші орын жеңімпазына Умра қажылықққа жолдама, екінші және үшінші орындарға 500 мың теңгелік ас үй жиһазы және кубоктар мен медальдар табысталды», — деді Кенжеәлі Мұғалбаев.
Көрмеде ерекше көзге түскен, салмағы жағынан бәрінен басым болған абсолютті чемпион «Миллион» деген қошқар болды. Оның салмағы 200 келі тартты. Бітімі де бөлек асыл тұқымды қошқар көпшіліктің таңдайын қақтырды. Осы күні шаруалар бір бірінен тұқымдыққа қошқар сатып алып жатты. Солардың ішіндегі ең саудасы қызғаны Түлкібас ауданынан әкелінген «Лазер» атты қошқар. Оны Сарыағаш ауданынан келген шаруа 3 млн 750 мың теңгеге сатып алды.
Сурет: Agrotrend.kz