Жетісу облысының Алакөл ауданында өткен LEPSI 2025 халықаралық мал шаруашылығы көрсмесіне саланың түрлі бағыттарын қамтитын мамандар келді. Олардың қатарында шаруа қожалық иелерінен бөлек, қаржы институттарының, мал азығын, витаминін, дәрі-дәрмек түрлерін шығаратын кәсіпорын өкілдері, мал дәрігерлері, генетиктер мен cарапшылар бар. Техникасы мен технологиясын таныстырып жүрген мамандардың қатарынан биотехнолог Айгүл Сембаеваны да кездестірдік.
Ол «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-не қарасты «Қ.Ү.Медеубекова атындағы қой шаруашылығы ҒЗИ» филиалында қой шаруашылығы бөлімінің ғылыми қызметкері, магистр. Көрмеге келген фермерлерге қошқардың ұрық сапасын “iSperm” анализаторы арқылы аңықтау, баға беру және криоконсервациялау (ұзақ мерзімге қатыру, мұздату) жұмыстары қалай атқарылатынын таныстырды.
«Біздің бөлім қойды ұрықтандырумен, гормональды өңдеу арқылы эмбриондарды жуып алу, ұрықтың сапасын тексеру және эмбрионды реципиентке отырғызу жұмыстарын атқарады. Шаруашылықтармен келісім бойынша жұмыс істейміз. Жоғарыда айтқандай, ұрықты алудан бастап, қойды ұрықтандыруға дейінгі барлық процесті біздің мамандар толық жүргізеді», — дейді биотехнолог.
Шаруашылықтардың бұл қызметті қаншалықты қолданатынын сұрадық. Маманның айтуынша тым аз көрінеді.
«Шындығын айтқанда кейбір шаруашылықтар ғана қолданады. Негізі қолдан ұрықтандырған дұрыс. Табиғи түрде мықты деген бір қошқар күніне 10-15 бас қойды ұрықтандыруы мүмкін. Біріншіден бұл аз, екіншіден гигиеналық тазалық болмайды. Кейін аурулар туындап жатады. Қолдан ұрықтандырғанда гигиеналық тазалық сақталады, ауру көп болмайды және күніне 100-200 бас қойды ұрықтандыруға мүмкіндік бар. Шаруалар соны ескерсе дейміз. Мұның тағы бір артықшылығы – уақыт үнемделеді»,- дейді Айгүл Сембаева.
Қазір қай салаға болсын озық технология келіп жатыр. Ал соны жетік меңгеріп, өндірісті ілгері бастыратын, өнімді іс жасайтын білікті жас мамандар кемшін екені жасырын емес. Биотехнология саласында да маман тапшы екен.
«Қазір заманауи технология әлдейқайда дамып кетті. Бұрындары ұрықтың сапасын тексеруге микроскоп қолданылса, қазір жайлауда, тау-таста жүріп-ақ бұл жұмысты атқаруға мүмкіндік беретін аппарапт бар. Ұрық сапасының нәтижесін жылдам шығарып береді. Ұрықты қатыру, сақтау және басқа да процедураларға Франция мен Германияның технологиясын қолданамыз. Ал осы технологияларды меңгеріп, жұмыс істеуге құлшынған жастар өте аз. Маман тапшылығы бар. Аграрлық саланы оқып, тәжірибеден өтіп кетуі мүмкін. Бірақ біздің институтқа қызығушылық танытып, келіп жатқан жастар жоқ деуге болады. Бұған еңбекақының аздығы себеп қой деп ойлаймын. Жастар ең алдымен әлеуметтік жағдайларын ойлайды. Ал біз өз ісімізді жақсы көреміз, еңбекақының аздығына қарамай жұмыс істейміз», — дейді мамандығына адал Айгүл Ибрагимқызы.
Жас маман, мал дәрігері Манат Нұрмолдаевты да сөзге тарттық. Оның да ойы өз мамандығына деген адалдығын аңғартты. Мәселе жалақыда емес, жастардың қызығушылығын арттыру керек деген пікір айтты.
«Қазіргі жастар жылдам ақша табуды көздейді, соған орай күнделікті тиын түсіп тұратын кәсіпке қарай кетуді жөн көреді. Ал мамандығын теориялық тұрғыдан оқыған жастарды жетекші шаруашылықтарға апарып, тәжірибеден өткізген дұрыс. Осы жағын ауқымды ету керек. Оқыған теориясын тәжірибесінде қолданса, қызуғышылықтары артатынына сенімдімін. Өзім осы жолдан өткен маманмын», — дейді Манат Нұрмолдаев.
Мал шаруашылығын дамыту үшін тың технологияны, ғылыми жетістіктерді барынша қолданған дұрыс. Бұл елдегі мал басының өсуіне, мал сапасының артуына, таза әрі адал азық-түліктің өндірілуіне тікелей әсер етеді. Білікті мамандардың пікіріне құлақ асып, тіпті қызметтерін пайдаланған жөн.
Сурет: Agrotrend.kz