Түркістан облысында ауыл шаруашылығына қажет агродрон құрастыратын зауыт жұмысын бастады, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
«Avatar Agricultural Technology Development» серіктестігі қолға алған бұл жоба арқылы жылына 500 дана техника өндіруге болады.
Агродрондар ауыл шаруашылығы дақылдарын бүрку жұмыстарын жүргізуге арналған. Ұшқышсыз бір аппараттың өзі 70 литрге дейін сұйықтықты көтеріп, 5 гектарға дейінгі егіс алқабына себе алады.
Жаңа технология ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге алқаптарды өңдеу тиімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға және еңбек өнімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде компания 20 агродронға тапсырыс қабылдап үлгерген.
Алдағы уақытта кәсіпорын өнім түрлерін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Осы ретте келесі жылдан бастап өрт сөндіруге және жүк тасымалдауға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіруді жоспарлап отыр.
Сурет: АШМ












































