Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Түркістан облысының Қожатоғай ауылдық округінде жаңа бордақылау кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. Жылына 50 мың басқа дейін ірі қара мал бордақылауға қауқарлы нысан – Орталық Азиядағы ең ірі кешен.
Жоба «Қайып Ата» компаниялар тобына кіретін «Түркістан Агро KZ» ЖШС тарапынан жүзеге асырылды. Кешен жем-шөп дақылдарын өсіруден бастап мал бордақылау, сою, етті өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды.
Жаңа кешен жылына 15 мың тоннаға дейін ет өндіруге мүмкіндік береді. Компаниялар тобының құрамында жылына 7,2 мың тонна өнім шығаратын ет өңдеу кәсіпорны мен қуаттылығы 46 мың тонналық құрамажем зауыты жұмыс істейді. Сонымен қатар 1,4 мың гектар алқапта жаңбырлатып суару технологиясын қолдана отырып, жем-шөп дақылдарын өсіру және 12 мың бас малға арналған заманауи мал биржасын салу жобалары жүзеге асырылуда.
Бордақылау кешенін салу барысында Аустралия технологиялары қолданылды. 2024 жылдан бастап Қазақстанда етті мал шаруашылығын дамытудың аустралиялық моделінің жекелеген элементтерін енгізу жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл тәсіл мал өнімділігін арттыруға, өндіріс шығындарын азайтуға, бордақылау алаңдары мен мал саудасының заманауи инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Сурет: АШМ












































