Премьер-Министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысында өткен көшпелі Үкімет отырысында егіншілікпен айналысатын ірі фермерлерді мал шаруашылығы бағытына тарту жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспановтың төралығымен облыстағы егістігі 3 мың гектардан асатын ірі өсімдік шаруашылығы кәсіпорындарында мал шаруашылығы саласын дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген жиын өтті. Оған Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Мақаншы және Үржар ауданы әкімдерінің орынбасарлары мен фермерлер қатысты. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында мал шаруашылығын дамытуда асыл тұқымды ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға бағытталған «Игілік» және «Береке» бағдарламаларының шарттары мен жеңілдіктері, мал шаруашылығын дамыту арқылы ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандырудың артықшылықтары, ет және сүт өнімдерін өндіру көлемін арттыру мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында «КХ Красный партизан» ЖШС, «СФ Песчанка» ЖШС және «Qazaq Onimi» ЖШС кәсіпорындарының өкілдері сұрақтарын қойып, ұсынылған бағыттың маңыздылығын айтты. Олар мал шаруашылығы саласын дамыту жөніндегі бастаманы қолдайтындарын білдіріп, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарға белсенді атсалысуға дайын екендерін жеткізді.
Сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында мал шаруашылығы нысандарының құрылыс жұмыстарын қаржыландыру мәселесін қарастыруға қолдау көрсетілетіні айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары аудан әкімдіктері ірі егіншілік шаруашылықтарымен бірлесе мал шаруашылығы жобаларын іске асыру әлеуетіне талдау жүргізіп, Ауыл шаруашылығы басқармасына нақты инвестициялық жобалар бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Ұсыныстардың негізінде Ауыл шаруашылығы басқармасы тауарлы сүт фермаларын, өндірістік бордақылау алаңдарын құру бойынша перспективалы жобалардың тізбесі әзірленіп, олардың іске асырылуы тұрақты бақылауға алынбақ.
Сурет: АШБ












































