Алматы облысында Segmenta компаниясының хош иістендіргіштер, кешенді тағамдық қоспалар мен панировка қоспаларын өндіретін жаңа зауыты ашылды. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты – 8 мың тоннаға дейін. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Зауыттың өнімдері сусын, сүт, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерін өндірушілерге, сондай-ақ ет өңдеу мен құс шаруашылығы кәсіпорындарына арналған. Кәсіпорын құрамында жаңа дәм мен хош иіс түрлерін әзірлейтін ғылыми-зерттеу базасы бар. Өндірісте халықаралық жеткізушілерден алынатын 3 мыңнан астам түрлі шикізат пен компонент пайдаланылады.
Жоба Shin-Line Group компаниялар тобының Қазақстанда азық-түлік кластерін қалыптастыру стратегиясы аясында жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – шетелден инвестиция тарту, шикізатты терең өңдеуді дамыту, экспортты ұлғайту және жоғары технологиялы жұмыс орындарын ашу. Жоба аясында 300 млрд теңгеге дейін инвестиция тарту көзделген.
Жаңа өндіріс орны отандық тамақ өнеркәсібіне қажетті ингредиенттерді өндіруді дамытуға және қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Сурет: АШМ













































