Алматы облысында жылына 70 мың тонна жеміс-көкөніс өнімін терең өңдейтін зауыт ашылды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстанда баламасы жоқ бұл кәсіпорын өңдеу өнеркәсібін дамытуда және елдің агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқармақ.

Жоба Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес секторды дамыту және қосылған құны жоғары өнім үлесін ұлғайту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында «Alpecon Group» серіктестігі мен Түркияның жетекші Göknur Gıda компаниясының серіктестігі негізінде жүзеге асырылды.
Жалпы инвестиция көлемі 9,5 млрд теңге. Өндірістік кешен 30 гектар аумақта орналасқан.

Кәсіпорын алғашқы кезеңде жылына 70 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс шикізатын өңдеп, 13 мың тонна жеміс-көкөніс шырындарының концентраттарын, пюре мен пасталарын өндіретін болады. Өнім негізінен экспортқа бағытталған, оның ішінде Түркия елі нарығына жеткізіледі.
Екінші кезеңде алма қалдықтарынан пектин өндіру көзделген. Бұл әлемдік тамақ өнеркәсібіндегі ең перспективалы салалардың бірі саналады және қазіргі уақытта Қытай, Германия және АҚШ сияқты санаулы елдерде ғана дамыған. Жоспар бойынша кәсіпорын жыл сайын 1000 тоннаға дейін пектин және 3000 тонна алма талшығын өндіріп, Оңтүстік Корея мен Жапония нарықтарына экспорттайды.

Бүгінгі таңда кәсіпорында 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Өндірістік қуатының артуына қарай қызметкерлер саны да көбейеді.
Сурет: АШМ













































