Ақмола облысының Ақкөл ауданында «МКМ Евразия» компаниясы мал азығы ұнын өндіретін жаңа цехты іске қосты. Кәсіпорын өнімді негізінен Қытай нарығына экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл туралы аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі уақытта өндіріс орны жабдықтарды техникалық іске қосу кезеңінен өтуде. Өнім сағатына 2 тонна қуатпен сынақ режимінде шығарылып жатыр. Жөндеу және іске қосу жұмыстары аяқталған соң өндіріс қуаты сағатына 30 тоннаға дейін жеткізілмек.
Жаңа цех жылына 96 мың тоннаға дейін шикізатты өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл астықты терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіру көлемін арттыруға жол ашады.
«МКМ Евразия» кәсіпорны астық сақтау және мал азығы ұнын өндірумен айналысады. Жаңғырту жұмыстарынан кейін элеватордың бір мезгілде 30 мың тоннаға дейін астық сақтау мүмкіндігі бар.
Жаңа өндіріс орнын аралаған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңір үшін астықты терең өңдеуді дамыту, экспорттық әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды екенін атап өтті.
«Экспортқа бағытталған ақкөлдік алғашқы мал азығы ұнының өндірісімен кәсіпорын ұжымын құттықтаймын. Ақмола облысы – еліміздегі астықты өңірлердің бірі. Бүгінде біздің міндетіміз – астық өсірумен ғана шектелмей, оны терең өңдеуді дамыту. Бұл қосылған құны жоғары өнім өндіруге, экспорт көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңір экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпорындарымыз шикізат экспорттаудан біртіндеп дайын өнім шығаруға көшіп, жаңа нарықтарды игеруі маңызды», – деді Марат Ахметжанов.
Сурет: облыс әкімдігі












































