Биыл 12 желтоқсан күні Астанада «ASTANA HORSE EXHIBITION 2026» атты мәдени-спорттық іс-шара өтеді. «Арғымақ» ат спорты кешенінде ұйымдастырылатын көрмеде елорданың ат спорты клубтарына тиесілі 40-50 сәйгүлік көпшілік назарына ұсынылады.
Іс-шараның мақсаты – жылқыны қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасы ғана емес, сұлулықтың, тектіліктің және ерекше сымбаттың символы ретінде таныту.
Көрме барысында түрлі тұқымдағы жылқылардың салтанатты шеруі ұйымдастырылып, әрқайсысы манежге жеке шығарылады. Көрермендер олардың табиғи бітімін, жүріс-тұрысын және ерекшеліктерін тамашалай алады. Көрсетілімдер музыкалық сүйемелдеумен, жарық эффектілерімен және мультимедиалық безендірумен толықтырылады.
Бағдарламада ат үстіндегі өнер шеберлерінің қойылымдары, жигитовка элементтері мен музыкалық нөмірлер де бар.
Ұйымдастырушылар дәстүрлі жылқы мәдениетін заманауи технологиялармен ұштастыруды көздеп отыр. Осы мақсатта жасанды интеллект көмегімен әзірленген жылқының сұлулығы мен қимыл-қозғалысын бейнелейтін мультимедиалық контент ұсынылады.
Сонымен қатар көрме аясында жылқы тақырыбына арналған кітап экспозициясы ұйымдастырылады. Онда жылқы тарихы, ат спорты, ұлттық мәдениет және жылқының адамзат өркениетіндегі орны туралы әдебиеттер қойылады.
Іс-шарада жануарларға жауапкершілікпен қарау, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мәселелеріне де көңіл бөлінбек.
Жобаны ұйымдастырушылар ASTANA HORSE EXHIBITION көрмесін алдағы уақытта жыл сайын өткізілетін дәстүрлі іс-шараға айналдыруды жоспарлап отыр. Олардың пайымынша, бұл бастама ат спортының дамуына, жылқы мәдениетінің кеңінен насихатталуына және сала өкілдерінің өзара байланысын нығайтуға ықпал етеді.
* Өтетін күні: 2026 жылғы 12 желтоқсан
* Басталуы: сағат 17:00
* Өтетін орны: Астана қаласы, «Арғымақ» ат спорты кешені
* Мекенжайы: Қарқаралы тасжолы, 1
* Билеттер: Ticketon
Сурет: mos.ru сайтынан алынды












































