Бүгін Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумы өтті. Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, сала жетістіктеріне тоқталды және бірқатар міндеттерді айқындады.
«Жалпы, соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында жемісті нәтижелерге қол жеткіздік. Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсті.
Жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды. Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтады. Соның ішінде өңделген өнім үлесі 52 пайызға жетті. Былтыр елімізде соңғы жиырма жылдың ішінде алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ жүргізілді. Санақ кезінде цифрлық технологиялар қолданылды. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы жан-жақты әрі нақты мәлімет алынды. Осы саланың шынайы ахуалын көрсететін толыққанды деректер жиналды. Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор. Басты міндет – қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, уақытты созбай, белсенді түрде жұмысқа кірісу керек», — деді Президент.
Мемлекет басшысы ауыл мен аграрлық секторды қолдауға арналған бағдарламалардың тиімділігін тексеруді тапсырды.
«Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін оларға тиісті жағдай жасау қажет. Бұл – дұрыс. Алайда соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қатысты «аттары бөлек, бірақ заттары бірдей» бағдарламалар тым көп болып кеткен сияқты. Мәселен, қазірдің өзінде «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады. Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ. Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек. Сондықтан Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс. Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек. Бұл мемлекет қаржысын үнемдеу қажеттілігіне тікелей байланысты мәселе», — деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ Президент цифрлық сауда алаңдарының мүмкіндіктері ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін қолжетімді болуы керектігін айтты.
«Тағы бір маңызды мәселе – ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту. Елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасына бүгінге дейін 150 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның арқасында ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Әрине, бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ басты мәселе – сол 22 мың жұмыс орны қазіргі таңда сақталды ма? Қалай десек те, осы жобаның аясын әлі де кеңейте түсу қажет. Мен бұған дейін цифрлық сауда алаңдарының және банктер мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктері ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін қолжетімді болуы керек деп нақты айттым.
Енді осы жұмысты тиімді ұйымдастырып, өнімдерді тұтынушыға жеткізу жолын айқындайтын нақты келісімшарттар жасау керек.
Жалпы, шағын шаруашылықтары бар аудандарда өнімді қабылдайтын және сақтайтын орталықтар құру қажет. Мұндай инфрақұрылым барлық өндірушіге бірдей қолжетімді болуға тиіс», — деді Мемлекет басшысы.
Сурет: Ақорда













































