Қазақстан 2028 жылға қарай майлы дақылдарды өңдеу өнімдерінің жылдық экспорттық түсімін 1,5 млрд долларға жеткізіп, күнбағыс майын экспорттаушы әлемдегі төрт ірі елдің қатарына қосылуды көздейді. Бұл мақсаттар 2026–2028 жылдарға арналған салалық жол картасында белгіленген, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Экспорттық әлеуетті таныстыру мақсатында қазақстандық өндірушілер Францияда өтіп жатқан SIAL Paris 2026 халықаралық көрмесіне қатысуда. Ұлттық стендте күнбағыс, соя, рапс, зығыр, мақта және мақсары майлары, сондай-ақ шрот, күнжара мен күнбағыс қабығынан жасалған отын түйіршіктері ұсынылған.
Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының мәліметінше, Қазақстан күнбағыс шротын Еуропалық одаққа жеткізуші үш ірі елдің қатарына кіреді. 2025/2026 маркетингтік маусымда ЕО мен Норвегияға өсімдік майлары, шрот және күнжара экспорты 114,9 мың тоннаны құрады.
Май өнімдері экспортының жол картасын қауымдастық QazTrade ұйымымен бірлесіп, Еуропалық одақ қаржыландыратын Ready4Trade жобасы аясында әзірлеген.
Сурет: ашық ақпарат көзінен












































