Құрылтай депутаты Серік Егізбаев «Жайлау», «Игілік» және «Береке» мемлекеттік бағдарламалары аясында асыл тұқымды мал сатып алуды қаржыландыру тетіктерін қайта қарауды ұсынды. Ол бұл мәселені Ауыл шаруашылығы министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында көтерді.
Депутаттың айтуынша, қолданыстағы есептеулер малдың нақты нарықтық бағасын ескермейді. Соның салдарынан шаруалар мақұлданған несие сомасына қажетті малды толық сатып ала алмай, жетпеген қаражатты өз қалтасынан төлеуге мәжбүр.
2026 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша, Қазақстанда 8,2 млн бас ірі қара болған. Оның 994 мыңы немесе 12%-ы асыл тұқымды мал. Депутат соңғы бес жылда мемлекеттік қолдауға қарамастан, асыл тұқымды ірі қараның үлесі осы деңгейде қалып отырғанын атап өтті.
Ал 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес, ірі қара санын 8,2 млн-нан 12 млн басқа дейін жеткізу көзделген.
Серік Егізбаев Ұлытау облысындағы «Жайлау» бағдарламасын мысалға келтірді. Бағдарламаны іске асыруға 3,4 млрд теңге бөлінгенімен, құны 2 млрд теңгені құрайтын жобалар ғана мақұлданған. Алайда асыл тұқымды малдың бағдарламада есептелген құны мен нарықтағы нақты бағасы арасындағы айырмашылық жобаларды іске асыруға кедергі келтіріп отыр.
Депутаттың пікірінше, асыл тұқымды шаруашылықтар малды нарықтық бағадан төмен сатуға мүдделі емес. Сондықтан фермерлер қосымша қаражат іздеуге мәжбүр. Осындай мәселе «Игілік» және «Береке» бағдарламаларында да кездеседі.
Осыған байланысты депутат асыл тұқымды малдың нақты нарықтық құнын ескере отырып, мемлекеттік бағдарламалардағы қаржыландыру тетіктерін қайта қарауды ұсынды.
Сурет: Agrotrend.kz













































