Қазақстан мал өсірушілер одағы ірі қара мал етінің экспорты квотасыз жүзеге асырылатынын хабарлады. Бұл туралы одақтың фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жарияланды.
Қазақстан мал өсірушілер одағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, экспорттаушыларға және мүдделі ұйымдарға Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 29 желтоқсандағы № 503 бұйрығының, ірі қара мал етін экспорттауға квота беру тәртібі белгіленген құжаттың күші жойылғанын хабарлады.
Қазіргі уақытта ірі қара мал етінің экспортына квота беру тетігі қолданылмайтыны айтылған.
“Экспорттық жеткізілімдерді Қазақстан Республикасының барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері мен экспорттаушылары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ импорттаушы елдің ветеринариялық және кедендік талаптарын сақтай отырып, ешқандай шектеусіз жүзеге асыра алады”, — деп хабарлады Қазақстан мал өсірушілер одағы.
Қазақстан мал өсірушілер одағы алдағы уақытта да мал шаруашылығы өнімдерінің экспортына қатысты заңнамадағы барлық өзгерістер туралы сала қатысушыларын уақтылы хабардар етіп отыратыны да айтылды.
Сурет ашық ақпарат көзінен алынды












































