Ауыл шаруашылығы министрлігінде Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелеріне арналған алқа отырысы өтті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу агроөнеркәсіп кешенді дамытудың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сала елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қосылған құны жоғары өнім өндіруге және экспорттық әлеуетті нығайтуға ықпал етіп отыр.
«Мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржылық ресурстарға қол жеткізіп, агротехнологиялық үдерістерді толықтай қолданысқа енгізу мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде еліміз ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз етіп отыр. Импортқа тәуелді бағыттар бойынша инвесторларды тарту және жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Біздің басты міндетіміз – агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізіп, қосылған құны жоғары өнім өндірісін арттыру», – деді министр.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханулы саланың бүгінгі ахуалы мен даму перспективалары туралы баяндады.
Өңдеу кәсіпорындарын қолдау мақсатында мемлекет жеңілдетілген қаржыландыру және инвестициялық субсидиялау тетіктерін іске асыруда. 2024–2025 жылдары айналым қаражатын толықтыру үшін 196 өңдеу кәсіпорнына жалпы сомасы 131 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ал 2026 жылы бұл мақсатқа 100 млрд теңге қарастырылған.
Өткен жылы өңдеу саласында құны 120,4 млрд теңгені болатын 53 инвестициялық жоба пайдалануға берілген.
Биыл қаңтар–сәуір айларында 1,4 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,4 пайызға жоғары.
Алқа отырысында астықты терең өңдеу, май өңдеу саласын дамыту, қант өнеркәсібін жетілдіру, сондай-ақ сүт және ет өңдеу кәсіпорындарын жаңғырту мәселелері кеңінен қаралды.
Алқа отырысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көрсеткіштері мен инвестициялық жобаларды іске асыру қарқыны төмен өңірлердің есептері тыңдалды.
Сурет: АШМ












































