Таразда автоматтандырылған микроклимат бақылауы бар көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі.
«TRZ Agro» ЖШС-нің агроөнеркәсіптік аймағында орналасқан жоба инвесторлық қаражат есебінен жүзеге асырылған. Заманауи технологиялармен қамтылған қойма бір мезетте 12 мың тоннаға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға мүмкіндік береді. Нысанда өнімнің сапасын ұзақ уақыт бойы сақтауға барлық жағдай жасалған. Автоматтандырылған микроклимат жүйесі температура мен ылғалдылық көрсеткіштерін тұрақты бақылап, өнімнің бүлінбей сақталуын қамтамасыз етеді.
Бұл нысан Жамбыл облысындағы ең ірі көкөніс сақтау қоймасы саналады.
Сондай-ақ аталмыш агроөнеркәсіптік аймақта терең, үздіксіз ет өңдеу кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған.
Жобалық қуаттылығы жылына 7 мың тоннадан асатын кешен іске қосылғаннан кейін 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Өндіріс орнында мал сою, етті бөлшектеу, шұжық өнімдерін шығару, консервілеу, сондай-ақ үй жануарлары мен балықтарға арналған азық өндіру бағытындағы бірнеше цех жұмыс істейтін болады.
Агроөнеркәсіптік аймақтағы тағы бір ауқымды жоба – жыл бойы өнім өндіруге мүмкіндік беретін заманауи жылыжай кешені. Жобаның өндірістік қуаттылығы жылына 1 536 тонна өнім шығаруға есептелген. Жылыжай автоматтандырылған жоғары технологиялық жабдықтармен, тамшылатып суару жүйесімен, тұман қалыптастыру және климатты басқару технологияларымен толық қамтылған.
Сурет: облыс әкімдігі













































