Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеретін ірі жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі. Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінде 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Turkestan Agro.kz ЖШС базасында қолға алынған кешен толық қуатына шыққанда өңірдегі ең ірі өндірістік алаңдардың біріне айналмақ. Қазірдің өзінде мега-фермада 30 мыңға жуық мал бордақылануда. «Ақылды» ферма қалдықсыз өндіріс қағидатына негізделген.

Жобаның жүзеге асуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің жіті бақылауында. Кәсіпкер Сырым Ертаевтың айтуынша, барлық өндірістік үдерістер, малды күтіп-бағу, азықтандыру және ветеринарлық қызмет – толық автоматтандырылған. Заманауи еуропалық технологияларды енгізу өнім сапасын арттырып, еңбек өнімділігін еселеуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде дайын өнім ішкі нарықпен қатар Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталуда, ал алдағы жоспар –Түркия нарығына шығу.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Алғашқы кезеңде бордақылау алаңының құрылысына 2,9 млрд теңге, жаңбырлатып суару техникаларын алуға 1,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген. Екінші кезеңге мемлекет тарапынан 5,9 млрд теңге қолдау көрсетілуде. Қалған қаржы жеке инвестициялар есебінен қамтылған.

Кешенде аустралиялық «торлы» мал шаруашылығы әдісі қолданылады. Бұл жүйе бойынша бордақылау алаңы арнайы секторларға бөлініп, мал жасы мен салмағына қарай топтастырылады. Әр топқа теңгерімді рацион автоматты түрде есептеліп, жүйелі күтім жасалады. Нәтижесінде малдың тез салмақ қосуы қамтамасыз етіліп, аурулардың алдын алу тиімділігі артады. Сонымен қатар санитарлық талаптар мен экологиялық стандарттарға ерекше мән берілген. Әр сектор таза сумен қамтылып, қалдықтарды шығару жүйесі толық жолға қойылған. Мал ашық әрі кең алаңда еркін жүреді, бұл олардың табиғи күйін сақтап, стресс деңгейін төмендетеді. Мұндай тәсіл өнім сапасын арттырып қана қоймай, өндіріс шығындарын оңтайландырады.
Бүгінде шаруашылықта қазақы ақбас, әулиекөл және ангус тұқымды ірі қара өсіріліп жатыр. 4 710 гектар алқапқа мал азығы дақылдары егіледі, бұл кешенді толықтай өз жем-шөбімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тәулігіне 50 мың басқа 500 тонна жем беріледі. Жоба толық іске қосылғанда 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда 30-дан астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Кешен құрылысы жыл соңында толық аяқталады деп күтілуде.













































