Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңесте облыс аумағындағы эпизоотиялық және эпидемиологиялық ахуал мәселесі де қаралды, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі.
Эпизоотиялық ахуалға байланысты Ветеринария басқармасының басшысы Ержан Барышев баяндады.
“Облыстағы эпизоотиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіліп, ауру ошақтарының пайда болуына және оның таралуына жол бермеу мақсатында ветеринариялық қызметтер тарапынан тиісті іс-шаралар атқарылуда. 2025 жылдың профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес ауыл шаруашылығы және жабайы жануарлардың аса қауіпті 11 ауруына қарсы 7,1 миллионнан астам профилактикалық манипуляция және 2 миллионнан астам диагностикалық зерттеу жүргізілді. Бруцеллезге қарсы 2 миллионнан астам мал тексерілді. Биыл 10-нан астам қауіпті ауруға қарсы 8,1 миллион екпе жүргізу жоспарланып отыр”, — деді басқарма басшысы.

Өңірде эпизоотиялық жағдай тұрақты бақылауда. 2025-жыл мен биыл қаңтар айының қорытындысы бойынша карантиндік және аса қауіпті инфекциялар тіркелмеген. 2026-2027 жылдары ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту аясында елді мекендерді 7 ветеринариялық станция, 111 ветеринариялық пункт және 118 мал қорымымен қамтамасыз ету жоспарланған. Сонымен қатар, 2026-жылы лизинг арқылы 24 арнайы техника алу көзделіп отыр.
Облыс әкімі 2026-жылға арналған ветеринариялық іс-шаралар жоспарын уақтылы және сапалы орындауды тапсырды.
Сурет: облыс әкімдігі
















































