Ақтөбе облысында Қазақстандағы алғашқы ірі тоқыма емес материалдар және жүн өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Жобаны «KazFeltec» ЖШС-гі жүзеге асырды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорынның жылдық дайын өнім шығару қуаты – 2,2 мың тонна, ал жүн өңдеу көлемі – 3,5 мың тонна. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 5,3 млрд теңге.
Зауыт Индустрияландырудың бірыңғай картасына енгізілген. Жобаны іске асыру барысында мемлекет тарапынан инвестициялық субсидия қарастырылып, техника мен жабдық сатып алу шығындары 30%-ға дейін өтелген.
Өндірісте италиялық CORMATEX компаниясының заманауи жабдықтары орнатылған. Әртүрлі сападағы жүнді қабылдау талаптары бекітіліп, іске қосу және сынақ жұмыстары сәтті аяқталған.
Зауыттың негізгі өнімі – табиғи қой жүнінен жасалған тоқыма емес материалдар. Бұл өнімдер құрылыс саласында жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар ретінде, сондай-ақ жиһаз өндірісінде, матрас, көрпе, кілем асты, интерьер толтырғыштары мен ауыл шаруашылығына арналған экологиялық тыңайтқыштар өндірісінде қолданылады.
Құрылыс бағытында зауыт өнімдері минералды ватаның экологиялық баламасы бола алады. Әсіресе табиғи жүннен жасалған жылу және дыбыс оқшаулағыш плиталар мен орамаларға сұраныс жоғары.
Кәсіпорын 2026-жылдың наурыз айынан бастап ішкі және сыртқы нарыққа арналған тоқыма емес материалдарды өнеркәсіптік көлемде шығаруды жоспарлап отыр.
Сурет: Шалқар ауданы әкімдігі












































